Қазақ ұлттық асханасының ұмыт қалған және замануиындырылған тағамдарының, «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлерінің аудандық конкурсы
- Подробности
- Создано 15.04.2016 23:00
Сәкен-Сері атындағы аудандық Мәдениет үйiнде Қазақ ұлттық асханасының ұмыт қалған және замануиындырылған тағамдарының, «Нео-фольклор» киiмдер дизайнерлерiнiң республикалық конкурсының аудандық кезеңi өттi. Бүл конкурста ұмытыла бастаған қазақтың ұлттық тағамдары қайта жанданды. Ата-бабамыз әзірлеген көне астың құпияларын ең тәжірибелі аспазшылар көпшілікке паш етті. Сондай-ақ шара аясында тігіншілердің қолдан тіккен ұлттық нақыштағы киімдері көрсетілді.
Конкурс Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдердi «Астана «ЭХРО-2017» халықаралық көрмесiне қатысуға даярлау үшiн өткiзiлiп отыр.
Конкурстың мақсаты — қазақ ұлттық асханасының көпғасырлық дәстүрлерiнiң сақталуы мен насихаттауы, ұмыт қалған ұлттық тағамдарының қайта жандандыру, қазақтың ұлттық киiмдерiне құрмет көрсету және оның қазiргi сән үлгiсiне сай сәйкестендiру.
Қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған әрі қастерлей білген. Халқымыз адам өмірінде тамақтың орнын тіршілікке қажетті құндылықтардың бәрінен де жоғары қойған. Бұған «астан үлкен емессің» немесе «арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен», «асты қорлама құстырар», «ас атасы – нан» деген нақыл сөздері куә. Бұл сөздер қалай айтылса да, қай заманда айтылса да халық асты құрметтеу мен бағалаудың жолын да, жөн жосығын да, оны дәмді етіп әзірлеудің көзін, кезін, ретін, жолын таба білген. Ел мен елді татуластыру, жақсылар мен жайсаңдарға құрмет көрсету, үй иесінің мырзалығы мен мәрттік қасиеттерін де, ел дәулеті мен қарым қабілет, түсінігін де қазақ кең дастархан арқылы яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен. Сырттан келген кісілер де елді қонақасы берудің жолы мен жөні арқылы сынап, бағасын берген. Демек ұлт мәдениетінде тамақ, дәм таттыру – экономикалық, дипломатиялық және тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған. Қазақ үйлері дәмді, жақсы тағамдарын өздері де жемей, қонаққа деп әдейі сақтап отырған. Сондықтан қазақ халқының қонақжайлық қасиеті шетелдерде ерте заманнан-ақ аңыз болып тараған. Қазақ дегенде қонақжайлық қасиетінің де қоса айтылуы осыдан болса керек. Халық ұғымында аста қасиет, құдірет, кие бар деп түсінген.
Халқымыз күнделікті өмірде де дәмге мән бере сөйлеген. Мәселен «бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деп ренжісе қалған күнде «дастарханымнан дәм татып едің ғой» деп, салмақ сала сөйлесе, ренжіген адамын «дәм тұзым атсын» деп қарғаған. Сондай-ақ қазақ дәстүрінде дастархан басында ерсі қимыл, анайы сөз, өсек, ғайбат айтылмаған, ұрыс болмаған. Дастархан басында жалаңаш, жалаңаяқ отырмаған. Жатып немесе тік тұрып, көшеде келе жатып тамақ ішпеген. Яғни қазақ халқы тамақты аса бағалап, құрметтеген.
Дүние жүзінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық асхана бар, ал әрбір ұлттық асханада сан алуан бір-біріне ұқсайтын және ұқсамайтын ұлттық ас мәзірлері бар.
Қазақтың ұлттық тағамдары, оларды жасау технологиясы, олардың тиімділік қасиеттері арнайы осы конкурста көрсету қажет етті.
Шындап келгенде, бүгінде «мынау Қазақстанда өндірілген, қазақ жұртының өзіне ғана тән, өздерінен басқа ешкім жасай алмайтын мәдени мұрасы, өздеріне ғана тән дәм-тұзы» дерліктей дүниеміз жетерлік. Алайда ұлтымыздың атын ұлықтай түсетін мақтаныштарымызды көрсете алмай, көзайым дүниелерімізге көңіл бөлмей келе жатқанымыз рас.
Иә, ғасырлар бойы жасап, әзірлеу әдістерін қапысыз жетілдірумен болған ұлттық тағам түрлері – ұлттық мәдениетіміздің бөлінбес бір саласы. Кез-келген этностың өзіне ғана тән қасиет-қадірі, болмыс бітімі ұлттық дәстүрлі тағам түрлерімен ғана танылып қоймайды, оны әзірлеу жолдарымен де танылады. Осы сайыста біз қазақ халқының ұлттық тағам түрлерін дайындаудағы шеберлігі мен тапқырлығына куә болдық.
Сайысқа қатысушылар: Кiшкенекөл №1 орта мектебiнiң өкiлдерi Әбiкеева Шолпан және Мұхамеджанова Кенжетай, ауылшаруашылық колледжiнiң аспазшысы Құсбекова Роза Садыққызы, Кiшкенекөл мектеп гимназияның аспазшысы Әбiкеева Айман Зейнуллақызы, Жамбыл орта мектебiнiң аспазшысы Гүлбақыт Нұржанова Қазақ дастарқанына көбінесе ұннан, сүттен, еттен жасалған тағамдарды қойды.
Ауылшаруашылық колледжiнiң аспазшысы Құсбекова Роза ұмыт болған қазақ тағамдарының бірнеше түрін жатқа біледі. Шебер бүгінгі ұрпақ біле бермейтін ұлттық ас түрлерінің дайындау әдісін де, құпия қоспаларын да меңгерген. Тағамның түр-түрін әзірлейтін Роза бүгін көпшілікке Үлпершек деп аталатын қазақ асын дайындап слайд бойынша көрсетті.
Біздің ата-бабаларымыз Үлпершекті ұзатылған қыздың сыбағалы асы деп дайындаған. Ерте кезде қызын алысқа ұзатып, артта қалған ата-ана осы жүрекке оралған тамақ арқылы «Сен әке-шешеңнің жүрегіндесің! Біз сені сағынып жүрміз!» дегенді де білдірген екен. Екінші жағдайда, қазақта баланы атасы мен әжесі бауырына басады. Ұзатылған қыз төркіндеп келген кезде анасы құмарланып бауырына баса алмай қиналады. Сол кезде ардақты аналарымыз үлпершекті жасап, қыздарына махаббатын білдіреді екен. Үлпершек – жүректің сыртындағы май. Қазақта аппақ, нәзік қыз балаға теңеу айтқанда «үлпершектей қыз» екен деп те жатады. Үлпершек - ол ірі қара малдың жүрегінен жасалады. Екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне сол малдың қара кесек еті мен майы ұсақтап туралып салынады. Оған өз қалауыңызға қарай дәмдеуіштер саласыз. Содан соң тілінген жағы мұқият тігіледі. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады. Екінші ұлттық тағамы Көмеш - қарынға салып пісірілетін тағам. Тазартылған қарынның ішіне аса толтырмай марқаның, бағланның, ту қой мен серкенің етін және картоп, сәбіз сияқты түрлі көкөністерді қосып салады. Ерте кезде қарынның сыртын балшықпен сылап, отқа көміп дайындаған. Қазіргі кезде көмешті электр пештерде пісіруге болады. Ішіне шикі тамақ толтырылған қарынның аузын бекітіп, тесік тесіліп түтікше орнатылады. Көмеш әдетте екі сағаттың ішінде дайын болады. Үшінші ұлттық тағамы Қансоқта- ет, май, өкпе, бауыр, турап, қанды мол араластырып, ұн қосып бүйенге салып пісірген тамақ.
Қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған, әрі қастерлей білген. «Ас –адамның арқауы», «Жаман ауру-жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі, ат қадірін білмеген жаяу қалады»-деп халық тегін айтпаған. Асқа байланысты салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар: соғымбасы, қонақасы, табақ тарту, сарқыт, сәлемдеме, түстену, асату, дәмеу, асар, ауыз ашар тағы басқалар. Дастарқанға қойылған дәмнен ауыз тимей кетуге әдiл-қазылар мүшелерiне болмады.
Ал конкурстың соңында тігіншілердің ұлттық нақышта тігілген киімдері ұсынылды. Тігілуі жағынан ерте кездегі әдістер қолданылған киімдер оюлардың көне түрімен әдіптелген. «Нео-фольклор» конкурсына Ханай Бiләл, Идаят Саулеш, Мәруа Әдiлжанова және Сандуғаш Жапарова сынды тiгiншiлерiмiз бақ сынасты.
Конкурс барысында слайд және видео материал түрiнде қатысушылар дайындаған тамақтары мен киiмдерiн ортаға салынды.Қазақ ұлттық асханасының ұмыт қалған тағамдары әдiл-қазылар алқасын таң қалдырмай қоймады. Қатысушылардың өнерлерi мен шеберлiктерi көрермендердiң тарапынан да қошеметке бөлендi.
Әдiл-қазылардың мүшелерi облыстық мәслихат депутаты Рашида Темiрбекова, аудандық мәслихат депутаты Күләш Егiмбаева, iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы Әлмұрат Бектемiров, аға ұрпақ өкiлдерi Бралина Жәмила, Нұрсұлу Болатовна және Алтын Жолдасбаева болды.
Конкурстың қорытындысы бойынша «Ұмыт қалған тағамдарды жандандырғаны үшiн» номинациясының жеңiмпазы ауылшаруашылық колледжiнен ұстазы Роза Құсбекова, «Үздiк ұлттық асхана» номинацияның жеңiмпаздары Кiшкенекөл №1 орта мектебiнiң өкiлдерi Әбiкеева Шолпан және Мұхамеджанова Кенжетай, «Үздiк заманауиндырылған қазақ ұлттық тағамдары» номинациясының жеңiмпазы Жамбыл орта мектебiнен Гүлбақыт Нұржанова, ал «Нео-фольклор» номинациясының жеңiмпазы Идаят Саулеш атанды. Барлық жеңiмпаздар мен қатысушылар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ережеге сәйкес аудандық кезеңнiң жеңiмпаздары Роза Құсбекова облыстық қазақ ұлттық асханасының ұмыт қалған және заманауиындырылған тағамдарының, «Нео-фольклор» киiмдер дизайнерлерiнiң конкурсына Идаят Саулеш қатысатын болады.