Колледжіміздің оқу-тәрбие үрдісі өз бастауын алды
- Подробности
- Создано 01.09.2017 23:00
1 қыркүйек «Білім күні» еліміздің барлық білім мекемелері үшін ең маңызды күн болып табылады. Биылғы 2017-2018 оқу жылында біздің Уәлиханов ауыл шаруашылық колледжі де білімге құштар студенттер 1 курс білім алушылары үшін есігін айқара ашып, салтанатты жиын өткізді. Білім күніне «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» тақырыбы арқау болды.
Салтанатты жиын бірінші рет колледж табалдырығын аттаған студенттер үшін колледж алдында арнайы ұйымдастырылып, өткізілді. Жиында алғашқы сөз кезегі колледж директоры Ташкин Сайран Кенжетайұлы мен директордың оқу өндірістік жұмысы бойынша орынбасары Маштиева Гүлнар Калижанқызы колледжің тарихына тоқталып, биылғы студенттердің жетістігін атап өтті. ІІ курс студенттері білім туралы өлеңдерін оқыды. Салтанатты жиын соңында ата-аналар атынан колледж әкімшілігі мен ұстаздар ұжымына алғыс айтылып, жаңа оқу жылына толағай табыстар тіледі. Жиын «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» тақырыбындағы сынып сағаттарымен жалғасын тапты.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.